Adana Adıyaman Afyon Ağrı Aksaray Amasya Ankara Antalya Ardahan Artvin Aydın Balıkesir Bartın Batman Bayburt Bilecik Bingöl Bitlis Bolu Burdur Bursa Çanakkale Çankırı Çorum Denizli Diyarbakır Düzce Edirne Elazığ Erzincan Erzurum Eskişehir Gaziantep Giresun Gümüşhane Hakkari Hatay Iğdır Isparta İstanbul İzmir K.Maraş Karabük Karaman Kars Kastamonu Kayseri Kırıkkale Kırklareli Kırşehir Kilis Kocaeli Konya Kütahya Malatya Manisa Mardin Mersin Muğla Muş Nevşehir Niğde Ordu Osmaniye Rize Sakarya Samsun Siirt Sinop Sivas Şanlıurfa Şırnak Tekirdağ Tokat Trabzon Tunceli Uşak Van Yalova Yozgat Zonguldak
İstanbul °C

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуінде сөйлеген сөзі

REKLAM ALANI
22.07.2022
A+
A-

 

 

 

 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуінде сөйлеген сөзі

Шолпан-Ата қаласы, 21 шілде 2022 жыл

Құрметті мемлекеттер басшылары!

Құрметті кездесуге қатысушылар!

Ең алдымен, қонақжайлық көрсетіп, Ыстықкөлдің көркем табиғатында осындай маңызды іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қырғыз Республикасының Президенті құрметті Садыр Нургожоевич Жапаровқа шынайы ризашылығымды білдіремін. Біздің Консультативтік кездесуіміз халықаралық саясаттың маңызды факторына айналды. Бұл жиын аталған аймақтың алдағы даму бағытын өзара сенімге негізделген рухта айқындауға мүмкіндік береді. Құбылмалы геосаяси және әлемдік экономиканың тұрақсыздығы жағдайында өткен кездесуіміз Орталық Азия елдерінің ынтымағы берік екенін көрсетеді. Сондай-ақ жаңа сын-қатерлер мен қауіптерге бірлесіп қарсы тұруға деген ортақ ұмтылысымызды білдіреді. Мемлекеттеріміздің жан-жақты жақындасуы уақыт талабынан туындап отыр және бауырлас халықтардың түпкі мүдделеріне толық сай келеді. 2018 жылы Қазақстанда өткен бірінші Консультативтік кездесуден бері өңірлік ынтымақтастық барлық бағыт бойынша тұрақты түрде нығайып келеді. Шынайы тату көршілік және одақтастық рухындағы қатынастарды қарқынды дамытуға бағытталған мемлекетаралық саяси диалог мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастық қарыштап кеңеюде. Күш біріктіре отырып, ықпалдастықтың пандемияға дейінгі деңгейін қалпына келтіріп қана қоймадық, сондай-ақ тауар айналымын едәуір арттыра алдық. Біздегі мәліметтер бойынша былтыр ішкі өңірлік сауда-саттық көлемі 27 пайызға (2018 жылғы 43 пайыздық өсім көрсеткішімен салыстырғанда) өсіп, 8 миллиард доллардан асты. Мәдени-гуманитарлық байланыстар Орталық Азия мемлекеттерінің ұзақ мерзімді өзара қарым-қатынастарының берік негізі болып қала береді. Мемлекеттеріміздің мәдениеті күндері алма-кезек өткізілуде, үлкен форумдар мен көрмелер тұрақты ұйымдастырылуда, бірлескен ғылыми-тарихи зерттеулер жүргізілуде, студент алмасу және басқа да шаралар белсенді жүзеге асырылуда.

Коронавирустың таралуына қарсы күрестегі табысты серіктестігіміз біздің қарым-қатынасымыздың өте жақын екенін айқын аңғартады. Пандемияның ең қиын күндерінде бір-бірімізге барлық қажетті азық-түлік, медициналық және басқа да гуманитарлық көмекті шұғыл түрде көрсетіп, бірлігіміз бен ынтымағымыздың беріктігін дәлелдедік. Біздің қатынастарымыздың ерекше сипаты Орталық Азияны ХХІ ғасырда дамытуды көздейтін достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы бүгін қабылданатын шартта бекітілген. Бұл құжат мазмұны мен тарихи перспективасы тұрғысынан бірегей саналады. Оған елдеріміз арасындағы мемлекетаралық дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығында қол қойылуының символдық мәні бар. Бұл тарихи құжат бесжақты стратегиялық серіктестігіміздің жаңа кезеңіне қадам басқанымызды білдіреді. Орнықты дамуды, аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – келешек ұрпақ алдында бізге үлкен жауапкершілік жүктейтін ортақ міндет. Қазақстанның өңірлік ынтымақтастықты жан-жақты нығайтуға, Орталық Азияның әлемдік аренадағы рөлін арттыруға бағытталған стратегиялық бағдарға адал болып қала беретінін айтқым келеді.

Құрметті әріптестер!

Қазіргі уақытта Орталық Азиядағы ынтымақтастық жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Бұл бәріңізге белгілі. Соған қарамастан, қарым-қатынасымыздың уақыт сынына төтеп беретініне және күрделі геосаяси жағдайда орныға түсетініне сенімдімін. Аймақ елдері халықаралық шиеленіс күшейе түскен бетбұрыс кезеңде өздерін лайықты ұстай алады. Бұған прагматикалық және теңгерімді сыртқы саясатымыз ықпал етеді. Елдеріміздің аумағы ежелден өркениеттер арасындағы алтын көпір қызметін атқарған. Менің пікірімше, қазіргі уақытта да Орталық Азияның маңызды миссиясы – жаһандық саясат пен экономиканың бәсекелесуші полюстері арасында дәнекер болу. Ерте ме, кеш пе күрделі геосаяси қайшылықтар кезеңі аяқталады. Арадағы алтын көпір қызметі қалады және бауырлас халықтардың келешек ұрпағы үшін теңдессіз мұраға айналады. Ортақ мүдделерді ескере отырып, мынадай іргелі міндеттерді шешуге мән беруді ұсынамын.

БІРІНШІ. Қауіпсіздік пен дипломатия салаларындағы өзара іс-қимылдарды нығайту күн тәртібіндегі маңызды мәселе болып қала береді. Бұл Орталық Азия халықтарының өркендеуіне тиісті жағдай жасау үшін өте қажет. Орталық Азия орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуға, жан-жақты ынтымақтастыққа, бейбітшілік пен өркендеуге ұмтылған ауқымды аймаққа айналуы қажет. Қауіпсіздікке төнетін қатердің алдын алу жөніндегі шешімдерді бірлесіп әзірлеу үшін Қауіпсіздік Кеңесі Хатшыларының тұрақты консультациялар механизмін іске қосқан жөн. Бұдан бөлек, өңірлік және халықаралық проблематиканың маңызды мәселелеріне қатысты келісілген әдістерді әзірлеу үшін сыртқы істер министрлеріне, кемінде жарты жылда бір, тұрақты түрде кеңес өткізуге тапсырма беруді ұсынамын. Аймақтан тыс серіктестермен арадағы ынтымақтастыққа келер болсақ, Қазақстан көпжақты форматтар аясында Орталық Азия мемлекеттерінің іс-қимылдар тұжырымдамасын қабылдауға болады деп санайды. Біз белгіленген географиялық шекарамыздың шеңберінде қалып қоймауымыз керек деп ойлаймын. Орталық Азия көшбасшыларының Консультативтік кездесуіне шақырылған қонақ ретінде өзге де шекаралас мемлекеттердің, мәселен Ресей мен Қытайдың жоғары лауазымды өкілдері қатысуына болар еді. Бұл Орталық Азия елдеріне, әсіресе нақты мәселелерді қарастыру кезінде пайдалы болады.

ЕКІНШІ. Біз, мемлекеттер басшылары өңірдегі әлі де сақталып отырған тұрақсыздық факторларын барынша жою үшін барлық мүмкіндікті жасауға тиіспіз. Мемлекетаралық шекаралардағы әрбір мылтық даусының жаңғырығы екі елге ғана емес, бүкіл өңірге жағымсыз әсер етеді. Керісінше, дәл қазіргі дағдарыс жағдайында мемлекеттеріміз қайшылықтарды еңсеру ісінде өркениеттіліктің, жауаптылықтың үлгісін көрсетуге тиіс. Шекараны заңды түрде рәсімдеу үдерісінің өте күрделі әрі қиын екенін өз тәжірибемізден білеміз. Даулы мәселелер шынайы тату көршілік пен халықаралық құқықтың іргелі қағидаттарына құрмет көрсету арқылы тек қана бейбіт жолмен шешілуі мүмкін. Бұның басқа жолы жоқ. Бұл кешенді проблемаларды елемеудің немесе созбалаңға салудың салдары қиын болады, тіпті Орталық Азиядағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған барлық күш-жігерімізді жоққа шығаруы мүмкін. Посткеңестік кеңістікте өзінің шекарасын толық делимитация жасаған мемлекет ретінде, Қазақстан, өзара тиімді шешімдер іздестіруге барынша көмек көрсетуге дайын. Нақтырақ айтқанда, шекараны делимитациялаудың өзара тиімді тәсілдерін әзірлеу үшін сарапшылар алаңын құруды ұсынамыз. Бұл жұмысқа тәжірибелі заңгерлер, картографтар, шекарашылар және басқа да мамандарды тарту керек. Осы істе үйлестіру міндетін Сыртқы істер министрлер кеңесіне жүктеуге болады.

ҮШІНШІ. Көпжақты ықпалдастықтың берік экономикалық базасын құру да өзекті мәселе болып отыр. Кейінгі жылдары бұл бағытта едәуір жетістіктер бар. Соңғы 5 жылда Қазақстан мен Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымы 42 пайызға артып, 6,3 миллиард долларға жетті. Өзара сауданы кеңейту үшін зор мүмкіндіктер бар екенін ескере отырып, болашақта біз бұл көрсеткішті 15 миллиард долларға дейін жеткізбекпіз. Анықтама: 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сауда айналымы 1,5 есеге (1,16 млрд долл.), Түрікменстанмен – 2 есеге (254 млн долл.), Өзбекстанмен – 33 пайызға (4,3 млрд долл.), Қырғызстанмен – 15 пайызға (970 млн долл.) артты.

Санкциялық соғыстар мен протекционизмнің өршуіне байланысты жақындап келе жатқан ғаламдық рецессияның қаупі аймақтық экономикалық ынтымақтастықты дамытуды үдету мәселесін алдыңғы шепке шығарып отыр. Өндіріс және сауда саласындағы жеткізу желілерінің үзілуі салдарынан барлық жерде аймақтандыру үрдісі анық байқалады. Осы тұрғыдан келгенде, елдеріміз арасындағы саудаға қатысты менің келтірген көрсеткіштерім әлеуетіміздің барлық мүмкіндігі толық пайдаланылмай отырғанын көрсетеді. Орталық Азияның экономикалық кооперациясы басты өсім көзі, кемінде елдеріміздің ұлттық экономикасын дамытудың қозғаушы күші болуға барлық негіз бар. Экономикалық әлеуетіміз бен тиімді географиялық орналасуымызды толыққанды пайдалану үшін құрылымдық және инфрақұрылымдық шектеулерді жоюды көздейтін тығыз ықпалдастық орнату маңызды. Шекаралық сауда-экономикалық хабтар желісін құруға бағытталған нақты шаралар қабылдаған жөн болар еді. Бұл Орталық Азия елдерінің бірыңғай тауар өткізу жүйесіне тірек қызметін атқарады және оны одан әрі кеңейтуге болады.

Қазақстан қазірдің өзінде бұл бағытта қырғыз және өзбек серіктестерімен нақты қадамдар жасап жатыр. Атап айтқанда, қазақ-өзбек шекарасында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының жобасы, ал қазақ-қырғыз шекарасында Индустриялық сауда-логистикалық кешен жүзеге асырылып жатыр. Тәжікстанмен көтерме сауда-тарату орталығын құру туралы келісім бар, Түрікменстанмен астық терминалын салуды жоспарлап отырмыз. Бұл жобалар өзара сауда айналымының көлемін арттыруда ортақ мүддемізге сай және Еуразиялық экономикалық одақ нарығы мен өзге де елдерге экспортқа шығаруға мүмкіндік береді. Қалыптасқан дәстүрлі тәсілдерден бөлек тауарды экспортқа шығарудың заманауи жолдарын кеңірек пайдалану қажет. Атап айтқанда, жуырдағы барлық жерде болған шектеулер мен локдаундар электронды коммерцияны дамытудың аса қажет екенін көрсетті.

Қазақстан Орталық Азия елдерінің бәсекелік ұстанымдарын ескере отырып, алдағы онлайн-көрмеге өнімдерімізді бірлесе шығаруды ұйымдастыруды ұсынады. Мәселен, Alibaba алаңында өткен соңғы көрмеде тек Ресей ғана 50 мыңнан астам тауар түрін ұсынды. Биыл Қазақстан Alibaba платформасында Ұлттық павильонын ашқан 18-ші ел болды. Павильон 2022 жылы 24 маусымда ашылды. Онда 130-ға жуық компания 7500 тауар түрін ұсынып отыр. 2020 жылдан бергі жалпы сауда 167 миллион долларды құрады. Бірақ, әрине, бұған тоқмейілсуге болмайды. Әлі де әлеуетіміз бар. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын нығайту қазір көп жағдайда инвестиция тартуға бағытталған шаралардың тиімділігіне байланысты.

Халықаралық сарапшылар алдағы 10 жылда біздің шетелден тікелей инвестиция тарту жөніндегі әлеуетімізді шамамен 170 миллиард доллар, соның ішінде шикізаттық емес секторға шамамен 70 миллиард доллар көлемінде болады деп болжап отыр. Бұл ретте, аймақтық жобаларға тікелей және портфельдік инвестицияларды ынталандыру үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығы тиімді платформа бола алады. «Астана» халықаралық қаржы орталығы әлемдік қаржы институттарының тәжірибесі мен жаңа тетіктерін ұсына алады. Орталыққа қазірдің өзінде әлемнің 64 елінен 1400-ден астам компания тіркелген. «Астана» халықаралық қаржы орталығына тіркелген шетелдік компаниялардың көпшілігі өз бизнестерін Қазақстан аумағында ғана емес, көршілес елдерде де жүргізгісі келеді. Аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін жаңа «AIFC Multipass» өнімі әзірленді. Бұл – «Астана» халықаралық қаржы орталығы серіктестерінің іскерлік мақсатпен қатысушы-мемлекеттердің аумағында кедергісіз жүруіне мүмкіндік беретін ерекше мәртебеге ие виза. Бұл Орталық алаңы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың кез-келген форматын өткізуге ашық.

ТӨРТІНШІ. Аймақтың көлік байланысын арттырып, біртіндеп транзитке жағдай жасау керек. Картаға көз салсақ, Ресей, Қытай, Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс және Оңтүстік Кавказдың түйіскен жерінде орналасқан Орталық Азияның географиялық ерекшелігі айқын көрінеді. Жаңа геосаяси жағдайда трансконтинентальдық сауданы дамытуда және ілгерілетуде біздің аймақтың рөлі едәуір артады. Осы ретте Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытын белсенді түрде дамытып отыр. Бұл бағыттағы контейнер тасымалы 2017 жылдан бері 3 есеге, яғни 25 мыңға дейін өсті. Бұдан бөлек, Қазақстан «Мазари-Шариф – Кабул – Пешевар» бағытындағы теміржол құрылысына атсалысуға әзір. Нақты айтқанда, теміржол құрылысына қажетті материалдармен қамтамасыз етіп, вагондар ұсына аламыз. Өз тарапымыздан серіктестерімізді Шығыс Азия мен Парсы шығанағы елдерін байланыстыратын ең қысқа бағыт «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолын белсенді пайдалануға шақырамыз.

Менің жуырдағы Иранға сапарым барысында алғашқы контейнерлік пойыз Қазақстаннан Түрікменстан, Иран арқылы Түркияға жөнелтілді. Бұл жаңа логистикалық шешім 6 мың шақырымнан астам жолды 12 күнде жүріп өтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қазақстанның Ақтау және Құрық порттары Таяу Шығыс пен Еуропа елдерінің нарығына шығуға септігін тигізеді. Түркменбашы портының инфрақұрылымын табысты дамытып келе жатқан Түрікменстан да бұл ұстанымды қолдайтынына сенімдімін. Дегенмен, біздің елдерімізге өз арамыздағы көлік коммуникациясын дамыту мәселесін естен шығаруға болмайды. Қазір біз бұл бағытта Өзбекстанмен белсенді түрде ынтымақтастық орнаттық. «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің іске қосылуы өткізу әлеуетін 2 есе арттыруға, ал жүк тасымалдау мерзімін 1,5 есе қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Түркменбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы» жаңа автожолын салуды құптаймыз. 2025 жылдан бастап «Жаңаөзен – Түрікменстан шекарасы» автожолы учаскесін қайта салу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіру көлік-логистика саласындағы жобаларымыздың пайдасын мейлінше арттыра түседі. Сондықтан үкіметтерімізге транзиттік тасымалдар үшін тариф саясатын оңтайландыру және әкімшілік рәсімдерді жеңілдету мәселелері бойынша тығыз ықпалдастық орнату қажет. Әрине, Орталық Азия тек құрлықтағы көпір және шикізат ресурстарын жеткізуші қызметімен ғана шектеліп қалмауы керек. Шынайы орнықты экономикалық модель қалыптастыру ауқымды индустриализация мен экономиканың жаңа перспективті салаларын тез дамытуды қажет етеді.

БЕСІНШІ. Климаттың қазіргі сын-қатерлері, су және энергетика ресурстарына сұраныстың артуы Арал теңізі бассейінінің су ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету жөнінде нақты шаралар қабылдауды талап етуде. Климаттың өзгеруі жөніндегі Халықаралық сарапшылар тобының баяндамасына сәйкес біздің аймақтың температурасы планетаның басқа бөліктеріне қарағанда әлдеқайда жылдам жылып келеді. Климаттың өзгеруі аймағымыздағы судың басты көзі мұздықтар көлемінің кішіреюіне әкеп соқтырады. Олардың Орталық Азиядағы көлемі соңғы 50 жылда 20, тіпті 30 пайызға кішірейген. Болашақта бұл Сырдария мен Әмудария өзендерінің ағысын бірнеше есе қысқартады. Бұның барлығы аймақтың азық-түлік, энергетика және экология салаларындағы қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіріп отыр. Сондай-ақ шұғыл шара қабылдауды талап етеді. Бұл ретте, Қырғызстанның 2022 жылды Тауларды тұрақты дамытудың халықаралық жылы деп жариялау жөніндегі бастамасын қолдаймыз. Бұдан бөлек, Тәжікстанның 2025 жылды Мұздықтарды сақтаудың халықаралық жылы деп жариялау жөніндегі ұсынысын да уақытылы енгізілген бастама деп санаймыз.

Күш-жігерімізді жұмылдырмай, Орталық Азиядағы климаттың өзгеру салдарын еңсеру мүмкін емес. Сондықтан бірлескен іс-қимылдарды үйлестіру үшін Қоршаған ортаны қорғау және аймақтағы климаттың өзгеруіне қатысты келісілген саясат жүргізу жөніндегі Орталық Азия елдерінің жобалық кеңсесін құруды ұсынамыз. Мүмкіндікті пайдаланып, осы өзекті мәселеге қатысты аса маңызды деректер келтіре кетейін. Үкіметаралық сарапшылар тобының климаттың өзгеруі жөніндегі 1,5 градус туралы арнайы баяндамасында ғасыр соңында Орталық Азиядағы температура Цельсий бағаны бойынша 6 градусқа дейін көтеріледі деп болжанған. Бұл жаһандық температураның болжамды көтерілуінен екі есе артық. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында 2724 мұздық бар. Ең үлкені Тұйықсу мұздығының көлемі соңғы 38 жылда 1 шақырымға дейін кішірейген. Бұл мұздық жыл сайын 58 миллион тонна көлемінің шамамен 1 миллион тоннасын жоғалтады. Бұл 2040 жылға қарай су ресурстарының 20 пайыздан астам азаюына алып келеді.

Қазақстан трансшекаралық өзендердің су ресурстарын өзара тиімді пайдалану мақсатымен бірлескен гидроэнергетикалық жобаларды жүзеге асыруға баса мән береді. Осы орайда Қырғызстанда Қамбарата ГЭС-1 құрылысының жобасы талқылануда. Кеше біз, үш президент бұл мәселені егжей-тегжейлі талқыладық және алдын ала нақты әрі пайдалы уағдаластықтарға қол жеткіздік. Гидроэлектр станциясы Орталық Азия елдерінің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, ауыл шаруашылығы өндірісін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Аралды құтқару халықаралық қоры аясында мемлекеттеріміздің өзара іс-қимылын жандандыруға шақырамыз. Оның ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру жөніндегі аймақтық жұмыс тобындағы қырғыз тарапының жұмысын оң бағалаймыз. Аталған Қор аясында қырғыз тарапымен арадағы толыққанды ынтымақтастықтың қайта жаңғыратынына сенім білдіреміз.

Құрметті әріптестер!

Ортақ тарих, айнымас достық және тату көршілік – бауырлас халықтардың етене жақын болуының мызғымас негізі. Осыған байланысты қарым-қатынастарымызды одан әрі нығайту және мәдени-гуманитарлық күн тәртібінің жаңа мазмұны бойынша өз ойымды ортаға салуды жөн көрдім. Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейту – өзекті мәселе. Жоғары білім берудің Орталық Азиядағы біртұтас кеңістігін құру жөніндегі былтыр қол қойылған декларация осыған негіз болады. Қазақстан бұл бастама аясында жоғары оқу орындары арасында студент алмасу ісін кеңейту жөніндегі әріптестерінің ұсыныстарын қолдап, Орталық Азия елдерінің жастарын оқыту үшін квота санын едәуір арттырды. Сондай-ақ біз озық жоғары оқу орындарымыздың және үздік мектептеріміздің филиалдарын аймақ мемлекеттерінде ашуға әзірміз. Мәселен, жақында Бішкекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы ашылды. Өзбекстанмен өзара тиімді негізде білім беру орталықтарын ашу мәселесі пысықталуда.

Орталық Азия халықтарының тарихи және мәдени мол мұрасын насихаттауды бірлескен жұмыстың маңызды бағыты деп санаймын. Осы орайда этногеографиялық және тарихи зерттеулерді ұйымдастыру, сондай-ақ ғылыми еңбектерді жариялау мақсатымен елдеріміздің Ғылым академиялары арасында тығыз байланыс орнату ұсынылады. Ұлттық архив орталықтары мен кітапханалардың ынтымақтастығы негізінде архив және зерттеу мәліметтерін алмасу үшін Біріккен онлайн-платформа құруды ұсынамын. Бұл ғылым саласындағы кооперацияны тереңдетуге мүмкіндік береді. Бүкіл аймаққа зиян келтіретін ақпараттық кеңістіктегі жағымсыз құбылыстардың алдын алу үшін күш-жігер біріктірген жөн. Бұл жұмыстардың мақсаты – достығымызға сызат түсірмеу.

Мемлекетаралық және этносаралық араздықты қоздыру арқылы елдерімізді алалауға және қарым-қатынастарымызға сызат түсіруге бағытталған кез келген әрекетке төтеп беру үшін бірігуіміз қажет. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін бұқаралық ақпарат құралдарымыз аймақ елдерінде болып жатқан оқиғалар туралы жаңалық тарату жағынан ақсап тұрғаны байқалады. Мүмкіндігінше, бұл үрдісті өзгерту керек. Бәлкім, бүкілаймақтық телеарна немесе ақпараттық интернет-сайтын ашқан жөн болар. Осы мәселелерді егжей-тегжейлі пысықтау үшін Орталық Азияның салалық мекемелері мен ақпараттық агенттіктері басшыларының жиынын тұрақты түрде өткізіп отыру пайдалы болмақ. Аймақты біртұтас мәдени кеңістік ретінде көрсету мақсатымен «Орталық Азияның мәдени астанасын» жыл сайын таңдау тәжірибесін енгізген жөн.

Құрметті әріптестер!

Бүгінгі Саммиттің қорытындысы Орталық Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік және өркендеу үшін аймақтық кооперацияны дамытудың жаңа кезеңі болады деп санаймын.

Қазақта «Татулық – таусылмас бақыт» деген даналық бар. Уақыт сынына төтеп берген тығыз әрі сенімді қарым-қатынасымыз, ортақ тарихи және рухани тамырымыз елдеріміз арасындағы достығымыздың сарқылмас көзі болатынына сенемін.

Заңдар
2022 жылғы 15 шілде

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды, ақпараттық қауіпсіздікті дамыту және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуіне қатысты
2022 жылғы 21 шілде

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуіне қатысты
Жарлық
2022 жылғы 11 шілде

Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды тағайындау туралы

Сайттан іздеу

 

kaynak:https://www.akorda.kz/kz/kasym-zhomart-tokaevtyn-ortalyk-aziya-memleketteri-basshylarynyn-iv-konsultativtik-kezdesuinde-soylegen-sozi-2163942

 

 

REKLAM ALANI
YORUMLAR

Henüz yorum yapılmamış. İlk yorumu yukarıdaki form aracılığıyla siz yapabilirsiniz.