Adana Adıyaman Afyon Ağrı Aksaray Amasya Ankara Antalya Ardahan Artvin Aydın Balıkesir Bartın Batman Bayburt Bilecik Bingöl Bitlis Bolu Burdur Bursa Çanakkale Çankırı Çorum Denizli Diyarbakır Düzce Edirne Elazığ Erzincan Erzurum Eskişehir Gaziantep Giresun Gümüşhane Hakkari Hatay Iğdır Isparta İstanbul İzmir K.Maraş Karabük Karaman Kars Kastamonu Kayseri Kırıkkale Kırklareli Kırşehir Kilis Kocaeli Konya Kütahya Malatya Manisa Mardin Mersin Muğla Muş Nevşehir Niğde Ordu Osmaniye Rize Sakarya Samsun Siirt Sinop Sivas Şanlıurfa Şırnak Tekirdağ Tokat Trabzon Tunceli Uşak Van Yalova Yozgat Zonguldak
İstanbul °C

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысты

REKLAM ALANI
12.12.2022
A+
A-

 

 

 

Жаңалықтар

Астана, Қазақстан

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысты

2022 жылғы 12 желтоқсан

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Мұрат Нұртілеу, Үкімет мүшелері, Ұлттық банк төрағасы, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдардың және ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты.

Президент өз сөзінде еліміздің биылғы әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланып, алда тұрған басты міндеттер айқындалатынын атап өтті.

 

– Қордаланған мәселелер аз емес. 11 айда экономиканың өсімі 4,6 пайыздан 2,7 пайызға дейін төмендеді. Инфляция соңғы 14 жылда болмаған деңгейге жетті. Қазір бұл көрсеткіш – 19,6 пайыз. Мұндай ахуал жұрттың табысына және әл-ауқатына кері әсерін тигізіп отыр. Жуырда өткен Президент сайлауы – бұл халықтың бізге артқан зор сенімі және қолдауы. Азаматтарымыз нақты оң өзгерістер бүгін және қазір болады деп үміттеніп отыр. Осы үміт пен сенімді ақтау – алдымызда тұрған ең басты міндет әрі қастерлі парыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент өзінің сайлауалды бағдарламасында еліміздің жаңа даму бағдары айқындалғанын, азаматтардың табысын арттырып, өмір сапасын жақсартуға баса назар аударылатынын атап өтіп, ерекше мән беруді қажет ететін бірқатар мәселеге тоқталды.

 

Мемлекет басшысы, ең алдымен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселесін көтерді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ауыл мен қаланың ауқымында шешіле беретін тұрмыстық мәселелерді Үкіметтің деңгейінде қарауға мәжбүр болып отырмыз. Өйткені осы саладағы төтенше оқиғалар тым көп болып кетті. Петропавл, Теміртау, Степногорск, Балқаш, Қарағанды, Ақтөбе және Риддер қалаларында болған апаттардың ешқайсысынан әкімдер мен министрлер, әсіресе, меншік иелері тиісті қорытынды жасаған жоқ.

– Жақында Екібастұзда болған төтенше жағдай бұл саладағы ахуалдың қаншалықты күрделі екенін айқын көрсетті. Қызметкерлердің жауапсыздығы, бақылау жүйесінің қауқарсыздығы мыңдаған адамды жылусыз қалдырды. Жауапты қызметкерлер қысты қалыпты режимде, аман-есен өткіземіз деп есеп берген. Бірақ іс жүзінде жағдайдың қалай болып жатқанын көріп отырсыздар. Павлодар облысының әкімі өз өтінішімен қызметінен босатылды. Ал құзырлы мемлекеттік орган – Энергетика министрлігінің ешқандай әрекетін көрген жоқпыз, бұл мекеме апатқа селқос қарап, бейтараптық танытты. Сондай-ақ төтенше жағдай қызметтерінің жұмысы дұрыс жолға қойылмаған. Олар баяу қимылдап, салғырттық танытты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент тозу деңгейі 90 пайыздан асқан Екібастұз ЖЭС-ін мемлекетке 1 теңгеге сату туралы ұсыныс сараптауды қажет ететінін айтты. Оның пікірінше, нысанға тәуелсіз аудит жүргізу керек. Әбден тозған орталықты мемлекеттің тиімді басқара алу мәселесін зерттеу керек. Кәсіпорынның 50 пайызын алып, меншік иесіне Жылу электр орталығын күрделі жөндеуден өткізуді тапсырған жөн.

– Екібастұз тұрғындарына келтірілген зардапты өтеу шығындары меншік иесі мен республикалық бюджет арасында бөлінуі керек. Үкіметтің алдында соңғы жылдары меншік иелері ештеңе істемеген аса маңызды инфрақұрылым нысандарының әрқайсысын кешенді түрде тексеріп, шешім қабылдау міндеті тұр, – деді Президент.

Мемлекет басшысы еліміздегі ЖЭС-тердің орташа тозу деңгейі 66 пайызға, ал кейбір қалаларда шекті межеден асып, 80 пайызға жеткеніне тоқталды. Жылу электр стансаларының үштен бірінің пайдалануға берілгеніне жарты ғасырдан асқан. Ал Шығыс Қазақстан облысының Риддер мен Шемонаиха қалаларындағы жылумен қамту желілері мүлдем тозған.

Президенттің айтуынша, энергетикалық нысандарды уақтылы жаңғырту ісін бақылауға алу Үкіметке бірнеше рет тапсырылған. Әйтсе де әкімдіктерге де туындаған мәселені орталыққа ысыра салуға болмайды.

– Менің тапсырмам бойынша Президент Әкімшілігі жанынан құрылған арнайы Комиссия кешенді шаралар әзірледі. Соған сәйкес бақылау-қадағалау тетігін күшейтіп, меншік иелерінің жауапкершілігін және жалпы саланың тиімділігін арттыру қажет. Комиссия дұрыс жұмыс істемей тұрған 19 жылу электр орталығын анықтады. Оларды шұғыл жаңғырту қажет. Алдын ала есеп бойынша, оған шамамен 90 миллиард теңге керек. Бұл қаражат, әрине, энергетикалық кәсіпорындардың тарифтік сметасында ескерілгені жөн. Мемлекет меншігіндегі энергетикалық нысандар бюджет есебінен жөнделуге тиіс. Ал жекеменшік нысандарды «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында өз қаражаты есебінен жаңғырту керек. Үкімет осы міндетті шешуге шұғыл кірісуі тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

 

Президент халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселесіне де баса назар аударды.

– Негізгі тағам өнімдерінің қымбаттауы инфляцияның өсуіне себеп болып жатыр. Азық-түлік инфляциясы 24 пайыздан асты.Тұрғындардың ақшалай табысының өсу қарқыны соңғы бес жылдағы ең төмен деңгейде тұр. Елімізде қағаз жүзінде жұмыс істейтін, уақытша жұмыс істемейтін, өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған және жұмыссыз деп көрсетілген 900 мыңға жуық адам бар. Негізгі құжат – Халық табысын арттыру бағдарламасы. Осы құжатты қазіргі жағдайлармен сәйкестендірген жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев өндірістік жарақат мәселесі күрделі проблемаға айналып бара жатқанына тоқталды.

– Биылғы 11 айда өндірісте 1124 адам зардап шекті. Оның 157-сі қайтыс болды. Кейбір кәсіпорында адам өліміне әкеп соқтыратын апаттар тым жиілеп кетті. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы – осының айқын дәлелі. Онда 2006 жылдан бері 20-дан астам апат болып, жүзден астам азаматымыз қазаға ұшырады. Биылдың өзінде 14 адамнан айырылып қалдық. Өткен аптада тағы бір жұмысшы опат болды. Мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың есебіне қарасақ, компания еңбек, экология және салық заңнамасын белден басып отыр. Инвестициялық міндеттемелерін де орындамайды. Қоғам әділ, қатаң және шұғыл шаралар қабылдауды талап етіп жатыр. Бұл мәселені Үкімет басшысы тікелей бақылауда ұстайды, – деді Президент.

 

Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасымен инвестициялық жобалардың бірыңғай жүйесі әзірленгенін, алайда биыл жоспардағы 284 инвестициялық жобаның 43-і ғана жүзеге асырылғанын жеткізді.

– Мұның бәріне құр цифр ретінде қарауға болмайды. Өйткені соның кесірінен көптеген жұмыс орны ашылмай қалды. Ел экономикасы миллиардтаған теңге қаржыдан қағылды. Сыртқы істер министрлігі шетелден инвестор тарту үшін тиімді жұмыс атқарып жатқанын атап өткен жөн. Елшілер шетелдерде түрлі кездесу өткізіп, елімізге инвесторларды жетелеп әкеледі деуге болады. Бірақ жобаны жүзеге асыратын кезде, жергілікті жерде түрлі мәселе туындайды. Бір сөзбен айтсақ, біз дайын инвесторлардан айырылып қалып жатырмыз. Тағы да қайталап айтамын, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасау, яғни жер бөлу, рұқсатнама беру, инфрақұрылыммен қамту – әкімдердің міндеті, – деді Мемлекет басшысы.

 

Президент баға белгілеуді келесі бір маңызды мәселе ретінде атап өтті. Сондай-ақ азық-түлік бағасын өсірмеу үшін басты бағыттар бойынша нақты жұмыс жүргізу керек екеніне тоқталды.

– Азық-түліктің бағасы жыл мезгіліне қарай қатты өзгереді. Күзде су тегін нәрсе көктемде шарықтап шыға келеді. Мұның шешімі біреу ғана – қойма инфрақұрылымын жасау керек. Бірақ бұл бағыттағы жұмыс баяу жүріп жатыр. Былтыр 83 мың тонна өнім сақтайтын қойма салу жоспарланғанмен, оның 64 мыңы ғана пайдалануға берілді немесе жоспар 77 пайызға орындалды. Биыл жұмыс біршама жандана түсті: 98 мың тонналық қойма салу жоспарланып, соның 87 мың тоннасы қазірдің өзінде іске қосылды. Дегенмен бұл бағыттағы шаруаны әлі де ширата түсу керек. Бүгінгі таңда азық-түлік қауіпсіздігі елді өркендетудің басты шарты екенін түсіну қажет. Агроөнеркәсіп кешенін, әсіресе ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуді дамыту Үкімет пен әкімдер үшін басты басымдық болуға тиіс, – деді Президент.

 

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев әділ және тиімді экономикалық саясат жүргізілуі керек екеніне назар аударды. Оның пікірінше, елімізде әділ бәсеке орнап, бизнес адал жұмыс істесе, әділетті нарықтық экономика құрылады.

– Экономиканы монополиядан арылту үшін мекемеаралық комиссия құрылды. Бұл комиссия қажетті жұмысты тиімді жүргізіп жатыр. Қазір жеке меншікке заңсыз өтіп кеткен активтерді қайтаруға баса мән беріліп отыр. Бірақ, кейбір мәселелер назардан тыс қалып барады. Экономикаға мемлекеттің қатысуын азайту, монополистерді өзіне жанама қатысы бар нарықтың қызметіне араластырмау – өте маңызды жұмыс. Әкімшілік кедергілерді және нарыққа баға белгілеу арқылы қысым жасауды тоқтату керек. Мысалы, электр қуатын өндіру және оны жеткізу саласы монополистердің қолында. Олар тәуелсіз компаниялардың нарыққа кіруіне шектеу қойып отыр. Біз Электр қуатын бірыңғай сатып алу институтын енгізуге кірістік. Осылайша, тиімсіз делдал компанияларға шектеу қойылады. Өнім өндірушіге қаржы тікелей түседі. Нәтижесінде еліміз барлық өңірлер мен ұйымдар үшін ойға қонымды бағаға қол жеткізуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

 

Бұдан бөлек, Президент бюджет саясатына арнайы тоқталды.

– Үкімет бюджет тұрақтылығын қамтамасыз етуі керек. Ұлттық қордың трансфертіне тәуелділіктен біртіндеп құтылуымыз қажет. Бір жылдан кейін Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын балалардың есепшотына аудара бастаймыз. Сол кезде барша азаматтар Ұлттық қордағы ахуалды жіті қадағалап отыратын болады. «Әрбір азамат – ұлттық байлықтың иесі» деген сөз жай ұран емес. Бұл нағыз халықтық, қоғамдық бақылаудың басталғанын білдіреді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Осы ретте Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке алдағы жеті жылда Ұлттық қордың активтерін 100 миллиард долларға жеткізу міндетін жүктегенін еске салды. Сондай-ақ ақшаны азырақ жұмсап, көбірек табыс табу керек екенін ескертті.

Сонымен қатар Президент жер қойнауын пайдалану саласында елеулі түйткілдер бар екенін жеткізді.

– Бас прокуратура Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, жер қойнауын пайдалану ісінің барлық сатысында заң бұзылатынын анықтады. Мемлекеттік жер қойнауын басқару бағдарламасында бұрмаланған немесе ескірген мәліметтер бар. Қоры нақтыланған және игеруге дайын тұрған кен орындарына барлау жұмысын жүргізуге 143 лицензия мен келісімшарт заңсыз берілген. Елімізде құнды пайдалы қазбасы бар кен орындары аз емес. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар осындай 87 кенішті заңсыз алған. Олар байқау өткізу рәсімдерін айналып өтіп, кеніштерді жеке компанияларға су тегін берген. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, заңсыз берілген кен орындарын мемлекет меншігіне қайтару үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық жерлерді дамыту мәселесіне де арнайы тоқталды. Мемлекет басшысы жаңа президенттік өкілеттігіне кіріскен сәтте, ең алдымен, Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын әзірлеу туралы Жарлыққа қол қойғанын айтып, ауылды өркендетудің мүлдем тың тәсілдері керек екеніне назар аударды.

– Ауыл жұртының көпшілігінде жер үлесі бар. Бірақ халық оның игілігін көре алмай отыр. Азық-түлік қауіпсіздігі бүкіл әлем бойынша басты мәселеге айналды. Биыл біздің елде астық мол шықты. Бірақ егіннің орташа шығымы әлі де төмен. Бұл салада заманауи технологияны қолдану өте маңызды. Шаруаларды осыған ынталандыру керек. Сондай-ақ тыңайтқыштың қолжетімді болуын қамтамасыз еткен жөн. Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу ісін жақсартуға баса назар аудару қажет. Мемлекет жыл сайын агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 350 миллиард теңгеден астам субсидия бөледі. Соған қарамастан, терең өңдеу өндірісі дамып жатқан жоқ. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың ұлттық жобасындағы жоспарлар орындалмай жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

 

Президент көтерген тағы бір өзекті мәселе – экономиканы кредиттеу және халықтың көп несие алуына тосқауыл қою.

– Нақты экономиканы кредиттеу ісін кеңейту қажет екенін бірнеше рет айттым. Бизнес қолжетімді қаржыландыруға зәру. Менің тапсырмаммен шұғыл шешімдер топтамасы әзірленді. Ол осы сектордағы қордаланған мәселелерді шешуге бағытталды. Атап айтқанда, зейнетақы жинағының 50 пайызына дейін жеке басқаруға беру үшін БЖЗҚ салымшыларының құқықтары кеңейтіледі. Бұл бизнесті кредиттеуге қажетті «ұзақ мерзімді қаржы» қорын қалыптастырады. Агроөнеркәсіп кешеніне берілетін кредитті арттыру үшін астық қолхаты институты толықтай цифрландырылып, қайтадан іске қосылады. Бұл агроөнеркәсіп кешені кәсіпорындары үшін сенімді кепіл болады. Экономиканың осы секторын әлдеқайда белсенді кредиттеу үшін жер қойнауын пайдалану құқығына да осындай өзгерістер енгізіледі. Бұған қоса, Үкімет пен қаржы саласын реттеу органдары «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында пайыз мөлшерлемесін субсидиялау мерзімін 7 жылға дейін созу мүмкіндігін қарастырған жөн деп санаймын. Әрине, бұл экономиканың тек анағұрлым басым бағыттарын қамтуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

 

Сонымен қатар Президент тұтынушылық кредиттің шамадан тыс көбеюін төмендету керек екенін еске салды.

– Бүгінде проблемалық кредиттердің көлемі жарты триллион теңгеге жетті. Миллионнан астам адам өзінің банк алдындағы міндеттемелерін өтеуге жағдайы жоқ. Олардың көбі әбден торығып, ескі борышын жабу үшін жаңа кредит рәсімдеуге мәжбүр. Сондықтан 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Жеке тұлғалардың төлем қабілетін қалпына келтіру және олардың банкроттығы туралы» Заң күшіне енуге тиіс. Сонымен қатар кепілсіз онлайн-микрокредиттеуді қатаң реттеу қажет. Кейбір елдерде оған толықтай тыйым салған. Осы тәжірибені зерттеген жөн, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа әкімшілік реформа жүргізуді тапсырғанын еске салды. Мұндағы басты мақсат – атқарушы билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру.

– Қолданыстағы заңдар мемлекеттік органдарға толық дербестік беріп отырған жоқ. Мысалы, өз саласында нормативтік құқықтық актілер қабылдау үшін олардың құзыреті заң жүзінде бекітілуі керек. Тапсырмалар уақтылы орындалмайды. Шешім дер кезінде қабылданбайды. Сол себепті өзектілігін тез жоғалтады. Осындай түйткілді шешу үшін заңдарға мемлекеттік органдарға өз саласындағы құзыреті шегінде қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік беретін түзетулер енгізіліп жатыр, – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігі жүргізген талдау Үкіметтің қызметінде олқылықтар бар екенін көрсеткенін атап өтті. Мысалы, оның жұмысының жартысына жуығы уәкілетті органдар әзірлеген салалық шешімдерді мақұлдаумен шектеледі.

– Үкіметтің негізгі міндеті – жұмысты үйлестіру және оған басшылық ету. Жаңа әкімшілік реформа аясында заң шығару тәжірибесін жаңғырту қажет. Түрлі деңгейдегі мемлекеттік басқару органдарының орталыққа бағыныштылығын барынша азайтқан жөн. Осыған орай Үкіметке заңнамалық актілерді түгендеуді тапсырамын. Мемлекеттік органдардың негізгі міндеттері мен құзыреттері ғана заң жүзінде бекітілуі керек. Әр саладағы саясатты әзірлеу, оны жүргізу және бақылау құзыреті Үкіметтен орталық мемлекеттік органдарға берілуге тиіс. Орталық пен аймақтар арасындағы құзыреттерді бөлу ісін келесі жылы аяқтау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Президент аса маңызды ұлттық жобалардың («Жайлы мектеп», «Ауылдық денсаулық сақтау», негізгі инвестициялық жобалар) орындалу барысын қадағалайтын Президенттің жобалық офисі өз жұмысын бастағанын хабарлады.

– Жобалық басқару саласындағы біліктілік мемлекеттік менеджерлер үшін бүкіл әлемде қалыпты стандартқа айналды. Ал біз оның не үшін керектігін түсіндіруден және орындаушыларды кеңсемен бірлесе жұмыс істеуге үгіттеуден аса алмай отырмыз. Әкімдер жаңа талапқа бейімделе білу керек. Жобалық кеңсе жетекшілеріне де шынайы жағдайға орай ойланып, прагматикалық тұрғыдан әрекет еткен жөн. Заманға қарай бейімделу керек. Әйтпесе, көш соңында қалуымыз мүмкін. Әділетті әрі дамыған мемлекет құру үшін жаңа кадр саясатын жүргізу керек. Алдағы өзгерістер, ең алдымен, адам капиталына қатысты болады. Жаңа кадр саясаты меритократия және кәсібилік қағидаттарына негізделеді, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент келесі жылы орталықта және жергілікті жерде ауқымды кадрлық өзгеріс жасалатынын атап өтті. Оның айтуынша, бастықтардың үнемі бүйрегі бұрып тұратын адамдарымен қоштасуына тура келеді. Олардың орнын жаңа кадрлар басады. Қазақстанға тиімді жұмыс істейтін технократтар қажет.

– Министрлер және әкімдер өзіне қолайлы адамдарды ғана қызметке тағайындайтын әдетті доғаруға тиіс. Министрліктердің өзінде «керек адамын» тағайындау үшін заң талаптарын аттап өтетін немесе қалауынша өзгертіп алатын жағдайлар бар. Бұл әрекеттер барлық жерде кездеседі. Жер инспекциясы, құқық қорғау саласы, ревизиялық комиссия және басқа да бақылау органдары жергілікті биліктің ықпалында болмауы керек. Әділ бәсеке болмаса, кәсіби мамандар мемлекеттік қызметке қызықпайды. Дарынды жастар мемлекеттік қызметке келуге құлықсыз. Аймақтарда тек сол өңірдің азаматтары жұмыс істеуі керек деген қасаң түсініктен арылу керек. Адамның білікті болуы оның туған жеріне байланысты емес. Жұмыстың нақты нәтижесімен ғана бағаланады. Сонымен бірге квазимемлекеттік секторда тәртіп орнататын кез келді. Корпоративтік басқарудың икемді болуы – ойыңа не келсе, соны істеу деген сөз емес. Азаматтарды қызметке тағайындау барынша ашық және әділ болуға тиіс. Себебі бұл – ең алдымен, халыққа тиесілі мекемелер. Президент Әкімшілігі мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы тағайындауларды үнемі бақылауда ұстап отыруы керек. Жеке адамдардың мүддесін көздейтін кез келген әрекетке тосқауыл қойылуға тиіс. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жеке сектордағы білікті мамандарды мемлекеттік қызметке тарту үшін қолайлы жағдай жасауы қажет. Елімізді өркендетеміз десек, бәріміз бір ел болып күш жұмылдыруымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдардағы атқарушылық тәртіпті сынға алды. Президенттің айтуынша, мемлекеттік аппарат берілген тапсырмаларды атүсті орындайды. Түрлі себептермен созбалаңға салып, орындалу мерзімі бірнеше рет кейінге шегеріледі.

– Жыл басынан бері Президент Әкімшілігі тапсырмалардың орындалу сапасына қатысты мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың атына 400-ден астам сын-ескертпе жолдаған. Ал осы тапсырмалардың негізгі үйлестірушісі – Үкімет тарапынан қадағалау тиісті деңгейде жүргізілген жоқ. Үкімет қызметін қамтамасыз етуге тиіс Премьер-Министр Кеңсесінің жұмысы тек мемлекеттік органдардың дайын есебін жібере салумен шектеледі. Премьер-Министр Кеңсесінің ведомствоаралық үйлестіру және салааралық мәселелерді шешу жөніндегі рөлін арттырып, Үкіметтің шағын аппараты ретінде кешенді түрде трансформация жасаған жөн. Мемлекеттік орган басшылары жекелеген мәселелер бойынша бұрынғыдай шешім қабылдаудан қорқады. Түрлі желеумен менің немесе Президент Әкімшілігінің мақұлдауын алуға тырысады. Кейде Үкімет мүшелеріне жазбаша тапсырма беруге тура келеді. Әйтпесе тапсырманың орындалмау, жобаның толық аяқталмай қалу қаупі бар. Бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы Жарлық аясында біз Үкімет пен уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыретіне жататын ағымдағы мәселелер бойынша Президент Әкімшілігіне құжат жолдауға тыйым салдық. Алайда бұл тәжірибе әлі жойылған жоқ, – деді Президент.

Жиын барысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов еліміздің даму барысы және келесі жылдың жоспары туралы, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов ақша-несие саясаты жөнінде, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Екібастұздағы жағдайды қалпына келтіру жұмыстарына қатысты баяндама жасады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Алматы қаласы, Маңғыстау және Ұлытау облыстары әкімдерінің баяндамаларын тыңдап, әрқайсысына нақты тапсырма берді.

 

 

 

 

 

 

 

 

Кері қайту Кері қайту

kaynak:https://akorda.kz/kz/memleket-basshysy-ukimettin-keneytilgen-otyrysyna-katysty-12112846

 

 

 

REKLAM ALANI
YORUMLAR

Henüz yorum yapılmamış. İlk yorumu yukarıdaki form aracılığıyla siz yapabilirsiniz.